Алматыдағы базардан 13 мыңнан астам қауіпті жұмыртқа тәркіленді
Құжатсыз сатылған жұмыртқалар арнайы орынға көмілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы базарлардың бірінде ветеринарлық қауіпсіздік талаптарын бұза отырып сатылған мыңдаған жұмыртқа тәркіленді.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында «Барыс-IV» базарында тиісті ветеринарлық ілеспе құжаттары, міндетті таңбалауы және арнайы қаптамасы жоқ тауық жұмыртқалары анықталған.
Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы саны 13 680 жұмыртқа алынды.
Ведомствоның хабарлауынша, құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде хаттамалар толтырылған. Кінәлі тұлғаларға жалпы көлемі 1 297 500 теңге айыппұл салынған.
Министрлік өкілдері адамдардың, жануарлардың денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін азық-түлік өнімдерін жою қағидаларына сәйкес, 2026 жылғы 10 маусымда тәркіленген жұмыртқалардың қаладағы мал қорымына шығарылғанын мәлімдеді. Өнімдер «Беккари шұңқырына» орналастырылып, биотермиялық әдіспен залалсыздандырылған.
Сонымен қатар көтерме және бөлшек сауда ұйымдарының басшыларымен ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Оларға басқа елдерден заңсыз әкелінген өнімдерді сатуға тыйым салынатыны туралы ресми ескертулер жолданған.
Айта кетейік, бұған ұқсас жағдай биыл 5 маусымда Шымкентте тіркелген. Сол кезде «Жібек жолы» базарында міндетті таңбалауы мен ветеринарлық құжаттары жоқ 11 850 жұмыртқа сатылып жатқаны анықталған.
Материал авторы