«Махаббат нәсілге қарамайды»: Мұхтар Жәкішевтің қызы халыққа үндеу жасады
Шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан Алтынай әлеуметтік желідегі сынға жауап қайтарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғам назарын аудартқан оқиғалардың бірі – бұрынғы «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның некесі төңірегіндегі пікірталастар болды.
Айта кетейік, 2026 жылдың мамыр айында Лондонда өткен үйлену тойы қазақстандық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Жұрт тек салтанатты шараның өзін ғана емес, қалыңдықтың жұбайының ұлтына қатысты да түрлі пікір білдірген. Осындай қызу талқылардан кейін Алтынай Жәкішева көпшілікке арнайы үндеу жасады.
Ол Instagram желісіндегі стористе махаббат, адамды қабылдау және рухани құндылықтар туралы көлемді жазба жариялады.
«Егер бұл әлем сіздерді жек көруге үйретсе, өкінішті. Егер ол сіздерді ашуланшақ әрі қатігез етіп жіберсе, қорқынышпен өмір сүруге итермелесе – өкінішті. Егер сіздер өздеріңіздің кім екендеріңізді ұмытып қалсаңыздар – өкінішті», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, махаббат ешқандай шекара мен шартқа бағынбайды.
«Махаббат – таза, әдемі және мәңгілік. Ол өмір мен өлімнен, уақыт пен кеңістіктен жоғары тұрады. Ол шартсыз өмір сүреді, талап қоймайды, шектеу білмейді. Ол ұлтты да, нәсілді де бөлмейді, айыптамайды да», – делінген жазбада.
Жәкішева махаббатты адамның ең шынайы болмысы деп сипаттап, әркімнің өмірінде осындай сезімді бастан өткеруін тілеген.
«Сіздер бір күні осы махаббатты сезінесіздер деп шын жүректен тілеймін. Сол кезде басқа нәрсенің бәрі маңызын жоғалтқанын түсінесіздер», – деп түйіндеді ол.
Сөз соңында ол адамдардың ішкі тыныштық тауып, бір-біріне мейіріммен қарауына үміт білдірді.
Материал авторы