Семейде қонаққа барған әйел 1 млн теңгеден астам алтынды ұрлап кеткен
Қымбат әшекейлер қонақ кеткеннен кейін бірден жоғалғаны белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында жергілікті тұрғынның үйінен құны 1 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдардың ұрланғаны анықталды.
Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 43 жастағы қала тұрғыны полицияға арыз түсіріп, алтын әшекейлерінің жоғалғанын хабарлаған. Оның айтуынша, ұрлық үйге қонақтар келгеннен кейін анықталған.
«Қонақтар кеткен соң зал бөлмесінде тұрған қобдишадан алтын бұйымдардың жоғалғаны белгілі болды. Ұрланған заттардың қатарында алтын сырға, білезік және сақина бар. Келтірілген шығын көлемі 1 050 000 теңгені құрады», – делінген ресми хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, оны бөлімшеге жеткізген. Ол 46 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты және өз кінәсін мойындаған.
Ұрланған әшекей бұйымдар тәркіленді. Сондай-ақ оқиға орнынан қол іздері алынып, криминалистикалық сараптама жүргізілген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі («Ұрлық») негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған.
Материал авторы