576

Сайрандағы сурет шу шығарды: мақта сатушысы жауапқа тартылды

Сайран көліндегі әрекеті үшін мақта сатушысына шара қолданылды.

Сайрандағы сурет шу шығарды: мақта сатушысы жауапқа тартылды
threads.com/@ramazanovasn

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Сайран көлінде түсірілген сурет әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, мақта сатушы жауапкершілікке тартылды.

Оқиғаға әлеуметтік желіде тараған фотолар себеп болған. Алматы тұрғыны Threads желісінде көл аумағында түсірілген суреттерді жариялап, онда тәтті мақта дайындайтын ыдысты ер адамның тікелей су айдынында жуып жатқанын көрсеткен.

«Сайранда серуендеп жүріп мына көрініске тап болдық: адамдарға тәтті мақта сатып жүрген адам оны дайындайтын ыдысын көлдің ішінде жуып жатыр. Ал бұл өнімді балаларға алып беретіндер көп. Бұған не айтасыздар?» – деп жазды қала тұрғыны.

Жазба көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары тағам қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.

«Тексеру кезінде азаматтың ас үй құралдарын белгіленбеген жерде жуғаны белгілі болды. Осы әрекеті үшін ол жауапкершілікке тартылды», – деді полиция өкілдері.

Ведомство мұндай әрекеттер қоршаған ортаның санитарлық жағдайына кері әсер етіп, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Полиция тұрғындар мен кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға, әсіресе халық көп жиналатын демалыс орындарында азық-түлікпен жұмыс істеу кезінде тазалық пен қауіпсіздікке мұқият қарауға шақырды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор