530

Астанада «автоматпен» жүрген әйелге айыппұл салынды

Желіде тараған кадрдан кейін елордада әйелге әкімшілік жаза тағайындалды.

Астанада «автоматпен» жүрген әйелге айыппұл салынды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Елордадағы аялдамалардың бірінде түсірілген видео полиция назарын аударған. Кадрларда әйелдің қолында автоматқа ұқсас зат ұстап жүргені байқалған.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг кезінде анықталған.

Тексеру барысында әйелдің қолындағы заттың шынайы қару емес, ойыншық автомат екені белгілі болған.

«Әйел ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның жанындағы зат ойыншық автомат болғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.

Сот шешімімен құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы 86 500 теңгені құрады.

Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда тәртіп талаптарын сақтаудың маңызын еске салып, мұндай әрекеттерге заң аясында баға берілетінін атап өтті. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор