867

Ақнәрдің өлімі: ІІМ тергеу барысы туралы жаңа мәлімет берді

Тергеу тобы Қытайдан сараптама нәтижелерін күтуде, ал іс бойынша әзірге күдікті жоқ.

Ақнәрдің өлімі: ІІМ тергеу барысы туралы жаңа мәлімет берді
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігі істің қазіргі барысы туралы жаңа мәлімет жариялады. Бұл туралы NUR.KZ басылымы жазды.

ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында журналистерге Алматыда қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның ісіне қатысты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінде қаралып жатыр. Тергеуді күшейту үшін Алматыға аса маңызды істер бойынша аға тергеуші жіберілген.

«Алматы қаласына аса маңызды істер бойынша аға тергеуші іссапарға жіберілді. Сараптама қорытындылары мен қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі халықаралық тергеу тапсырмасы арқылы Қытай Халық Республикасына жолданды. Қытайлық әріптестерден жауап күтіп отырмыз», – деді Санжар Әділов.

Журналистер марқұм қайтыс болған күні оның жанында болған қыздардың жағдайын да сұрады. ІІМ өкілі қазіргі уақытта іс бойынша ешкім күдікті ретінде танылмағанын айтты.

«Бұл қылмыстық іс бойынша ешкім күдікті деп танылған жоқ. Тергеу Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жалғасып жатыр. Халықаралық тапсырманың Қытайға жіберілуіне оның бұрын Қытайда оқып, тұрғаны себеп болды», – деді ведомство өкілі.

ІІМ тергеу жалғасып жатқанын, ал Қытай тарапынан келетін материалдар істі әрі қарай зерттеуге көмектесетінін атап өтті.

Еске салайық, Ақнәр Гүлстан Алматыда жұмбақ жағдайда қаза болған еді. Марқұмның анасы қызының жетінші қабаттан өз еркімен құламағанын айтып, Қазақстан президентіне үндеу жасаған.

Оның айтуынша, қыздың телефонынан табылған бейнежазбаларда оған күш қолданылғаны көрінеді. Сондай-ақ анасы қызының кейбір заттары мен ақшасы жоғалғанын айтып, оқиғаға қатысы болуы мүмкін екі қыз туралы мәлімдеген.

Осыдан кейін Алматы полициясы істің ерекше бақылауға алынғанын хабарлаған. Тергеу органдары қазіргі таңда барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор