Астана маңында атпен жарысқан жастар үш жасар баланы қағып кетті
Куәгерлердің айтуынша, бірнеше жігіт ауыл ішінде жылдамдықпен ат шаптырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысындағы Талапкер ауылында үш жасар бала ат тұяғының астында қалып, жарақат алды. Оқиғаға ауыл көшесінде атпен жарыс ұйымдастырған жастар себеп болған. Бұл туралы «Бірінші арна Еуразия» телеарнасы жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға елді мекендегі көшелердің бірінде болған. Бір топ жас қоғамдық жолда атпен жылдамдық сынасып, жарыс ұйымдастырған.
Кезекті айналым кезінде жүйткіп келе жатқан ат жолда жүрген кішкентай баланы қағып кеткен.
«Бір топ жас ауыл жолында ат жарысын ұйымдастырған. Жарыс кезінде аттардың бірі баланы қағып кетті», – дейді куәгерлер.
Баланың ата-анасының айтуынша, оқиға ауыл ішіндегі көшеде болған. Олардың сөзінше, атпен жүргендер қауіпсіздікке мән бермей, көлік пен тұрғындар жүретін жолда жарыс жасаған.
Оқиғаға байланысты жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті тұрғындар ауыл көшелерінде мұндай қауіпті әрекеттерге жол берілмеуі керек екенін айтып отыр.
Материал авторы