859

Әл-Фарабидегі адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды

Үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша тергеу материалдары қайта қаралып жатыр.

Әл-Фарабидегі адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды
Kazinform / Еламан Тұрысбеков

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты сот отырысы кейінге шегерілді. Бүгінгі процесте Zeekr көлігінің жүргізушісінен жауап алу жоспарланғанымен, сот басқа күнге ауыстырылды. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Сот отырысы барысында жәбірленуші тараптың жаңа адвокаты Гүлмира Бабажанова таныстырылды. Ол жол апатынан қаза тапқан Mercedes көлігінің жүргізушісінің жақындарының мүддесін қорғайтын болады.

Адвокат қылмыстық іс материалдарымен толық танысу үшін уақыт беру туралы өтініш білдірді. Сот өтінішті қанағаттандырып, келесі отырысты 15 маусымға белгіледі.

Бұған дейін жәбірленуші тарап өздерінің бұрынғы қорғаушылары Олег пен Анна Черновтардың қызметінен бас тартқаны белгілі болған.

Қазіргі уақытта істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда. Процеске судья Еркін Майшинов төрағалық етіп отыр.

Айыпталушы орындығында 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак отыр. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған.

Еске салайық, қайғылы жол апаты 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылымен келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Соқтығыс салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған.

Сот барысында жәбірленушілердің айыпталушы Александр Пакке кешірім бергені де айтылды. Сонымен қатар сотта жол апатының бейнежазбасы көрсетіліп, бірнеше куәгер оқиғаға қатысты жаңа деректер ұсынған. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор