1002

Атыраудағы отбасының өлімі: Сәрсемәлиев өз-өзіне қол жұмсамақ болған

Сотта қылмыстан кейін із жасыру әрекеттері мен дәлелдерді жою сәттері көрсетілді.

Атыраудағы отбасының өлімі: Сәрсемәлиев өз-өзіне қол жұмсамақ болған
instagram.com/atyrauoil.official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша басты айыпталушы – қаза болғандардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев. Бұл туралы  «NewTimes.kz» басылымы жазды.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен отырыста тергеу барысында түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Кадрларда айыпталушы оқиға орнында болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндаған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айының басында Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында болған. Айыпталушының айтуынша, оның әйелі жағындағы туыстарымен балаларды тәрбиелеу және отбасылық мәселелерге байланысты ұзақ уақыттан бері келіспеушіліктер болған.

Оның сөзінше, 2 қарашаға қараған түні ол әйелі мен балаларымен бірге ауылға келген. Келесі күні таңғы жеті шамасында ерлі-зайыптылар мен әйелінің ата-анасы арасында қайта жанжал шыққан. Айыпталушының айтуынша, енесі балалардың өздерінде қалуын талап етіп, әйелінің күйеуімен қалаға қайтуына қарсы болған. Кейін әңгімеге қайын атасы да араласқан.

Жауап алу кезінде Сәрсемәлиев сол сәтте үш түрлі шешімді ойлағанын айтқан: кетіп қалу, өз-өзіне қол жұмсау немесе туыстарға шабуыл жасау. Оның айтуынша, өзін-өзі өлтіру ойынан бас тартқан, себебі мұндай жағдайда балалар бәрібір басқа жақта қалады деп есептеген. Осыдан кейін ол қылмыс жасау туралы шешім қабылдағанын жеткізген.

Айыпталушының сөзінше, ол ас үйден пышақ алып, сарайға барған. Біраз уақыттан кейін сол жерге Нәсіп кірген. Сотта көрсетілген видеода ол оқиға алдында әйелдің бауырсақ дайындап жүргенін айтқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, сарай ішінде ол әйелдің кеуде және мойын тұсына бірнеше пышақ жарақатын салған. Бұл эпизодты түсіндіре отырып, айыпталушы: «Мен кідірген жоқпын, тез жасадым. Бір секундқа тоқтасам, бәрі бұзылар еді», – деген.

Одан кейін сарайға Мақсот жақындаған. Ол кірген сәтті күткен айыпталушы оған да пышақпен шабуыл жасаған.

Қылмыстан кейін ер адам үйге оралып, ештеңе болмағандай әрекет еткен. Кейін із жасыруға кіріскені де сотта айтылды. Оның сөзінше, ол қан іздерін тазалап, қабырғаларды сүрткен.

Алдымен мәйіттерді далаға шығарып тастауды ойлағанымен, кейін байқалып қалудан қорқып, оларды сарайдың ішіне көмуге шешім қабылдаған.

Айыпталушының айтуынша, ол түн ортасында қазу жұмысын бастап, таңғы алтыға дейін жалғастырған. Материалдарға сәйкес, алдымен Мақсоттың, кейін Нәсіптің денесі шұңқырға қойылған.

Келесі күні ол іздерді толық жасыру үшін қайтадан сарайға барған. Оның сөзінше, артық топырақты сыртқа шығарып, аумақты пленкамен, линолеуммен, кілеммен жапқан, үстіне ескі диван қойған.

Сонымен қатар сотта айыпталушы үйден 60 мың теңге, екі сақина және туыстарының құжаттарын алып кеткені белгілі болды. Ол олардың банк қосымшаларының құпиясөздерін де алдын ала білген.

Одан кейін ол такси шақырып, әйелі Ақбаян, Мейрамгүл және үш жасар баламен бірге қалаға кеткені айтылды.

Айыпталушының айтуынша, әйелінің туыстарымен арадағы тұрақты қысым мен қорлау оның психоэмоциялық жағдайына әсер еткен.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Мақсотқа 9 пышақ жарақаты салынған, оның 3-еуі өлімге әкелген.

Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Материал авторы