Ақмолалық ер адам итті көпшілік көзінше балғамен өлтірді (ВИДЕО)
Куәгерлер ер адамның әрекетін тоқтатуға тырысқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысы Степногорск қаласында ер адамның итке аса қатыгездік танытуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол жануарды көпшілік көзінше балғамен ұрып өлтірген. Бұл туралы HALYQSTAN жазды.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ер адам өз әрекетін иттің кәрі әрі ауру болғанымен түсіндірген. Қайғылы жағдайды көрген жастар бірден полицияға хабар берген.
«Біз көлікпен келе жатып, қолында балғасы бар ер адамды көрдік. Жанында әйел адам оны тоқтатуға тырысты. Кейін ол ит жатқан жерге барып, жануарды ұрды. Оқиғадан кейін иттің денесін жермен сүйреп әкетті. Біз бірден полиция шақырдық», – деді куәгерлер.
Полиция келгеннен кейін ер адамның кім екені анықталып, ол бөлімшеге жеткізілген. Одан түсініктеме алынды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл оқиға қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен куәгерлер жануардың жағдайына қарамастан мұндай әрекеттердің мүлде қабылданбайтынын және қоғам нормаларына қайшы келетінін айтып отыр.
Құзырлы органдар тексеруді жалғастырып жатыр, қорытындысы бойынша құқықтық баға берілмек.
Материал авторы