1098

Қайрат Нұртастың концертіне жалған билет сатқан қыз ұсталды

10 мың теңге үшін жас қыздың үстінен іс қозғалды.

Қайрат Нұртастың концертіне жалған билет сатқан қыз ұсталды
instagram.com/kair_n

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында жас қыз танымал әнші Қайрат Нұртастың концертіне жалған билет сатты деген күдікпен қылмыстық іске тартылды. Ол билет үшін 10 мың теңге алған.

Абай облысының полиция департаменті әлеуметтік желі арқылы жасалған интернет-алаяқтық дерегін анықтады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті концертке жалған билет ұсынып, жәбірленушіден ақша алған.

Оқиға Семей қаласында тіркелген. Медициналық колледж студенті полицияға арыз түсіріп, әлеуметтік желі арқылы бейтаныс адамның концертке билет сатуды ұсынғанын айтқан.

Жәбірленуші ұсынысқа сеніп, банк қосымшасы арқылы 10 мың теңге аударған. Алайда ақша жіберілгеннен кейін билет берілмеген.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Күдікті өз кінәсін мойындаған. Ақша тәркіленді. Оқиға орнынан хат алмасу скриншоттары мен ақша аударылғаны туралы түбіртек алынды», – деп хабарлады Абай облысы полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде келу туралы міндеттеме берілген.

Полиция азаматтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы билет сатып алғанда мұқият болуға кеңес берді. Құқық қорғау органдары билеттерді тек ресми сервистер мен тексерілген платформалар арқылы алуға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор