Тоқаев жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетін заңға қол қойды
Қазақстанда жемқорлыққа қарсы талаптар қатаңдап жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерді көздейтін заңға қол қойды.
2026 жылғы 12 маусымда Президент «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң ресми басылымдарда жарияланады.
Жаңа түзетулер қылмыстық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейді. Атап айтқанда, пара ұсыну, пара беруге уәде ету, пара талап ету және заңсыз сыйақы алуға арандату үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ кейбір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Оның ішінде мүдделер қақтығысын реттеу бойынша шара қолданбау, жемқорлық фактілері туралы хабарламау және заңсыз материалдық сыйақы ұсыну мәселелері қамтылған.
Бұған қоса, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген азаматтардың қатары кеңейтіледі. Жақын туыстар мен өзара байланысты тұлғалардың бірлесіп қызмет атқаруына қатысты шектеулер де күшейтіледі.
Заңда ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау тетіктерін жаңғырту шаралары да қарастырылған.
Материал авторы