Әл-Фарабидегі апат: марқұмның әкесі сотта күтпеген мәлімдеме жасады
Маған ақша емес, балам керек деді марқұмның әкесі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесінде күтпеген мәлімдеме жасалды. Қаза тапқан 20 жастағы бойжеткеннің әкесі айыпталушыны кешірмейтінін және оған ең қатаң жаза тағайындалуын талап ететінін айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz басылымы жазды.
Бұған дейін сотта апаттан көз жұмған үш жастың туыстары айыпталушыны кешіргендерін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ 8 маусымда марқұм қыздың анасы да азаматтық талаптарынан бас тартып, моральдық және материалдық өтемақы алғанын растаған. Ол соттан айыпталушыға шартты жаза тағайындауды сұраған еді.
Алайда қыздың әкесі бұл ұстаныммен келіспейтінін ашық айтты.
Оның сөзінше, бұрынғы жұбайымен ажырасқанына тоғыз жыл болған. Осы уақыт ішінде қызын өзі тәрбиелеп, өсіргенін жеткізді.
«Қызымды дүниеге келген күнінен бастап өзім бағып-қақтым, оқыттым, тәрбиеледім. Ол – тұңғышым. Мен жерлеу рәсімдерімен айналысып жүргенде, оның анасы өзін жәбірленуші ретінде танытып, полицияға барып, сотқа дейін жеткен», – деді ол.
Марқұмның әкесі айыпталушы тарап бұрынғы жұбайына қомақты көлемде ақша төлегенін де айтты. Оның сөзінше, өзіне де қаржылай өтемақы ұсынылған.
«Айыпталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған олардың миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен ешқашан кешірім берген емеспін және бермеймін де. Таразға барып, айыпталушының ата-анасымен кездестім. Әкесі менен көз жасын төгіп кешірім сұрады», – деді ол.
Қыздың әкесі енді адвокаттар жалдап, мемлекеттік органдарға жүгінуге ниетті екенін мәлімдеді. Оның мақсаты – жол апатына кінәлі деп танылған азаматтың заң аясында ең ауыр жаза алуына қол жеткізу.
Еске салайық, аталған іс бойынша айыпталушы Александр Пакқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Ол Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты салдарынан үш адамның қаза болуына байланысты жауапқа тартылған.
Материал авторы