Тоқаев Путинді Ресей күнімен құттықтады
Тоқаев Ресей басшысының мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге мемлекеттік мереке – Ресей күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық серіктестік пен одақтастық негізінде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан бауырлас Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келе жатқан достық әрі тату көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалайды», – делінген құттықтау жеделхатында.
Тоқаев Ресей президентінің жуырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін берген.
Қазақстан президенті екі ел арасындағы байланыстар алдағы уақытта да түрлі бағытта дами беретініне сенім білдірді.
«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық байланыстар алдағы уақытта барлық салада қарқынды дами береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол Владимир Путинге Ресей Федерациясының дамуы мен өркендеуі жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Материал авторы