936

Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өлімі: қылмыстық іс сотқа жолданды

Тергеу аяқталып, қаза тапқан қыздың жақындары қылмыстық іс материалдарымен таныса бастады.

Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өлімі: қылмыстық іс сотқа жолданды
Әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі кезеңнен өтіп, сот қарауына дайындалуда. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігі жазды.

Адвокаттың айтуынша, тергеу әрекеттері толық аяқталған. Қазір жәбірленуші тарап жиналған дәлелдермен танысу процесіне кіріскен.

Осы кезеңде марқұм қыздың туыстары мен қорғаушысы қылмыстық істің алғашқы жеті томын қарап, олардың ресми көшірмелерін алған. Барлық тараптар іс материалдарымен танысып болған соң, құжаттар айыптау актісін бекіту үшін прокуратураға жолданып, кейін сотқа жіберіледі.

Нұрай Серікбайдың өлімі

Нұрай Серікбай 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, қыздың бұрынғы жігіті оған шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Күдікті екі күннен кейін полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталды. Сот оған тергеу кезінде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шарасын таңдаған. Қазіргі уақытта ол Шымкенттегі тергеу изоляторында отыр.

Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеті бірнеше бап бойынша сараланған. Оған адам өлтіру фактісінен бөлек, жәбірленушіні жүйелі түрде аңдыды деген айып тағылды.

Қылмыстық іс мына баптар бойынша қаралуда:

– ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы – «Сталкинг» (қудалау);

– 125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;

– 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «Ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру».

Ерекше қатыгездікпен адам өлтіргені үшін көзделген жаза ең ауыр жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Іс бойынша сотқа дейінгі рәсімдер аяқталып, енді материалдар сот қарауына жіберіледі.

Материал авторы