Алматыдағы 12 жастағы баланың өлімі: полиция жаңа деректерді жариялады
12 жастағы жасөспірімді 13 жастағы бала пышақтап өлтірген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 12 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Полиция қылмыс бойынша арнайы жедел-тергеу тобын құрғанын мәлімдеді. Бұл туралы NUR.KZ басылымы жазды.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Түрксіб ауданында болған қайғылы оқиғаға байланысты видеоүндеу жариялады.
«Алматы қаласы полиция департаментінде Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімді өлтіру фактісі бойынша арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Полиция өкілінің айтуынша, оқиға орнынан және оған жақын аумақтардан алынған бейнежазбалар, сондай-ақ іске қатысты басқа да цифрлық деректер зерттеліп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
Қазіргі уақытта барлық болжам мен нұсқа тексеріліп жатыр. Тергеу барысында қылмысқа бір кәмелетке толмаған адамның қатысы бары анықталған. Ол ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылған.
Салтанат Әзірбектің сөзінше, алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімге пышақ жарақаттары өзара келіспеушілік салдарынан туындаған жанжал кезінде салынған.
«Қолда бар бейнежазбалар мен хат алмасуларды зерттеу нәтижесінде жәбірленуші жасөспірім жағдайды анықтау үшін күдіктінің тұрғылықты жеріне барғаны алдын ала анықталды», – деді полиция өкілі.
Құқық қорғау органдары жәбірленуші тарапқа істің барлық мән-жайы түсіндірілгенін хабарлады. Тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Полиция қылмыстық іс бойынша барлық жағдай толық зерттеліп, заң аясында шешім қабылданатынын атап өтті.
Материал авторы