«Мен қазақпын»: қазақстандық боксшы америкалық қарсыласына жауап берді
Павлов жеңістен кейін қарсыласының жазбасына жауап беріп, көпшіліктің назарын аудартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық кәсіпқой боксшы Евгений Павлов АҚШ-тағы жекпе-жектен кейін өз азаматтығын қате көрсеткен қарсыласына жауап берді. Бұл туралы Sports.kz басылымы жазды.
Петропавл қаласының тумасы Евгений Павлов америкалық боксшы Антонио Дантон Эл кішімен өткен кездесуден кейін әлеуметтік желідегі жазбаға пікір білдірді.
Жекпе-жектен соң америкалық спортшы Instagram парақшасында әзіл ретінде «өлген жоқпын, тек ресейлікпен жұдырықтастым» деген мағынада жазба жариялаған.
Алайда Павлов қарсыласының қателескенін бірден аңғартты.
«Бауырым, мен ресейлік емеспін. Мен Қазақстаннанмын, мен қазақпын», – деп жауап берді қазақстандық боксшы.
Кейін Антонио Дантон Эл өзінің қателігін мойындап, Павловтан кешірім сұрады.
«Кешірші, бауырым», – деп жазды америкалық спортшы.
Айта кетейік, бұған дейін Балтимор қаласында өткен кездесуде Евгений Павлов Антонио Дантон Эл кішіны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын. Алты раундтың қорытындысында үш төреші де 59:54 есебін көрсетіп, қазақстандық боксшының жеңісін тіркеді.
Осы жеңістен кейін Павловтың кәсіби рекорды 11 жеңіске жетті. Боксшы әзірге бірде-бір рет жеңіліс таппаған.
Материал авторы