515

Атырау облысында жауыннан кейін 1200-ден астам мал қырылды

Қатты жаңбыр мен жел Жылыойдағы шаруаларды шығынға батырған.

Атырау облысында жауыннан кейін 1200-ден астам мал қырылды
24.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Жылыой ауданында маусым айының басында болған қолайсыз ауа райы салдарынан бірнеше шаруа қожалығы ірі шығынға ұшырады. 1200-ден астам ұсақ мал қырылып қалған. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Жылыой аудандық әкімдігінің мәліметінше, 2-3 маусым күндері Сарықасқа мен Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы толассыз жаңбыр жауып, қатты жел соққан.

Ауа райынан кейін аталған аумақтарда қой мен ешкінің жаппай қырылғаны анықталған.

Оқиға туралы ақпарат түскен соң, жағдайды тексеру үшін «Жылыой аудандық ветеринариялық станциясы» мекемесінің бес маманы мен арнайы техникасы жіберілген.

Тексеру нәтижесінде Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майкөмген ауылдық округіндегі шаруашылықтарда жалпы 1238 бас ұсақ малдың өлгені белгілі болды.

Мамандардың алдын ала қорытындысына сәйкес, мал шығынына жуырда қырқылған қой мен ешкінің ұзақ уақыт жаңбыр астында қалуы себеп болған. Жануарлар қатты тоңып, лайға батып қалған.

Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Еркіновтің айтуынша, жағдайды жазғы жайылымға шығарылған малға арналған баспаналардың болмауы да қиындатқан.

Қазір қырылған малды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Атырау облысында 1-3 маусым аралығында бір айлық мөлшерден 1,5 есе көп жауын-шашын түскен.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор