«Иіс күшейе берді»: Астанада үйлі болған отбасы пәтердегі химиялық иістен уланып қалған
Ипотека төлеп отырған отбасы пәтеріне кіре алмай жүргенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астаналық отбасы пәтердегі жағымсыз иіс пен ауа сапасына қатысты мәселе көтерді. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстарынан кейін химиялық иіс пайда болып, тексеру барысында кейбір заттардың мөлшері нормадан бірнеше есе жоғары болған. Бұл туралы Azattyq Rýhy басылымы жазды.
Әлеуметтік желіде Астана тұрғынының тұрғын үй кешеніндегі пәтерге қатысты шағымы тарады. Әйелдің айтуынша, отбасы 2024 жылы BI Group құрылыс компаниясынан Greenline Vita тұрғын үй кешенінен баспана сатып алған. Алайда көп ұзамай пәтерде бірқатар проблема туындаған.
Тұрғынның сөзінше, отбасы екі жылға жуық уақыт бойы қабырғалардың суық тартатынына шағымданған. Компания өкілдері мәселені шешу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, жағдай өзгермеген.
2026 жылдың көктемінде фасад ашылған кезде тұрғынның айтуынша, құрылыс барысында гидрооқшаулаудың болмағаны анықталған. Жөндеу аяқталғаннан кейін пәтер маңында өткір химиялық иіс пайда болған.
«Біз арманымыздағы үйді сатып алдық, бірақ ауруханаға түстік. Пәтерде жаңа туған қызым, төрт жасар ұлым және 15 жастағы сіңлім тұрды. Иіс күшейе берді. 19 сәуірде үшеуіміз балалармен бірге ауруханаға түстік. Медициналық құжаттарда химиялық заттардан улану диагнозы көрсетілді», – деді тұрғын.
Отбасы ауруханадан шыққаннан кейін ауа сапасына қатысты тексерулер жүргізуді талап еткен. Әйелдің айтуынша, сәуір айында бензол мен толуол мөлшерінен асып кету фактілері анықталған.
21 мамырда токсиколог қатысқан медициналық комиссия балаларға химиялық заттар бар ортадан аулақ болуға кеңес берген.
Тұрғынның мәліметінше, 4 маусымда санитарлық қызмет мамандары қайта тексеру жүргізген. Сол күні отбасы тәуелсіз зертхана шақырған.
Зертхана қорытындысында ауа құрамынан бензол – 10 мг/м³, толуол – 97 мг/м³ және этанол – 108 мг/м³ мөлшерінде анықталғаны айтылған.
«Біз әлі күнге дейін өз пәтерімізге орала алмай отырмыз. Үй үшін ипотека төлеп келеміз. Мен ешкімді айыптауға тырыспаймын, тек отбасым тұрып жатқан баспананың қауіпсіз екенін білгім келеді», – деді Гүлден.
BI Group компаниясының жауабы
Компания жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұған дейін пәтерде мамандардың қатысуымен ауа сапасына тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.
BI Group өкілдерінің айтуынша, 15 мамырда Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа құрамын тексеріп, санитарлық нормалардан асып кету анықталмағаны туралы қорытынды берген.
Компания сондай-ақ тұрғын айтқан тәуелсіз зерттеу нәтижелері әзірге құрылыс компаниясына ұсынылмағанын хабарлады.
Қазіргі уақытта санитарлық қызметтің қосымша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Материал авторы