Жұмбақ құбылыс: АҚШ барлауы Сарышаған полигонында белгісіз нысан байқалғанын жазды
Архивтік құжатта лазерлік зерттеулер туралы болжамдар мен жұмбақ аспан нысаны қатар аталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) 1973 жылғы құпиясыздандырылған есебінде Қазақстан аумағындағы Сарышаған әскери полигонында белгісіз әуе құбылысы байқалғаны туралы ақпарат бар. Бұл туралы аталған барлау құжатына сүйенген материалдар жазды.
1973 жылдың желтоқсанында дайындалған Intelligence Information Report атты есеп Кеңес Одағының Сарышаған полигонына қатысты мәліметтерді қамтыған. Құжатта нысандар, әскери инфрақұрылым, қару-жарақ жүйелері және зерттеу жұмыстары туралы деректер келтірілген.
Есепте Сарышаған полигонындағы нысандар, жұмыс аймақтары, күзет жүйесі, аймақтық штаб және әскери бөлімдер туралы ақпарат көрсетілген. Сонымен қатар кеңестік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері — System-75 (SA-2) және System-300/Aldan кешендері туралы мәліметтер берілген.
Құжатта лазерлік зерттеулер жүргізілуі мүмкін деген болжамдармен бірге «белгісіз әуе құбылысы» туралы ақпарат та жеке аталған.
Сарышаған — Кеңес Одағы кезінде Қазақстан аумағында орналасқан аса маңызды әскери сынақ алаңдарының бірі болған. Қырғи-қабақ соғыс кезеңінде бұл жерде әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы жүйелер сыналған. Осы себепті АҚШ барлау қызметі полигондағы жұмыстарға ерекше назар аударған.
АҚШ Орталық барлау басқармасының мәліметіне сәйкес, ақпарат көзі 1972 жылдың қарашасы мен 1973 жылдың қарашасы аралығындағы жағдайлар туралы хабар берген бұрынғы кеңес азаматы болған. Құжаттың басым бөлігі әлі де жабық күйінде қалып отыр, ал жарияланған нұсқада бірқатар мәтін өшірілген.
Ашық бөліктерде әскери жүйелерді сынау, зымыран кешендерінің бөлшектерін тексеру және лазерлік қару бойынша зерттеулер туралы болжамдар кездеседі. Ақпарат көзі мұндай тәжірибелерде қуатты антенналар қолданылуы мүмкін екенін айтқанымен, нақты мәлімет келтірмеген.
Сарышаған аспанындағы жұмбақ нысан
Есептің ең назар аударарлық бөлігі полигон үстіндегі аспанда байқалған белгісіз нысанға қатысты.
Құжатта 1973 жылдың жазының соңында ақпарат беруші кешкі уақытта сыртқа шыққанда, нысанның батыс бөлігінде ашық жасыл түсті белгісіз дөңгелек немесе масса тәрізді объектіні көргені жазылған.
Оның айтуынша, бақылау бұрышы шамамен 70 градус болған. Сол кезде аспанда бұлт болмаған. Ақпарат беруші нысан бұлт деңгейінен жоғары орналасуы мүмкін деп болжаған, бірақ оның көлемін анықтай алмаған.
Бірнеше секундтан кейін жасыл түсті объект үлкейіп, айналасында бірнеше шеңбер пайда болған. Кейін бірнеше минут ішінде оның түсі жоғалған.
Құжатта бұл құбылыс кезінде жарылыс дыбысы немесе басқа да ерекше дыбыстар естілмегені көрсетілген. Ақпарат көзі оның табиғатын түсіндіре алмаған және қосымша дерек бере алмаған.
Осылайша, АҚШ Орталық барлау басқармасының есебі жабық кеңестік әскери нысан аумағында байқалған белгісіз әуе құбылысы туралы куәлікті тіркеген. Қазіргі кезде мұндай оқиғалар «анықталмаған әуе құбылыстары» деп аталады.
Сарышаған полигоны сол кезеңде КСРО-ның зымыранға қарсы қорғаныс саласындағы жұмыстарына байланысты Батыс барлау қызметтерінің назарында болған. Сондықтан кез келген ерекше құбылыс немесе жаңа қару жүйелері туралы ақпарат әскери мүмкіндіктерді бағалау үшін маңызды деп саналған.
Бұған дейін АҚШ Орталық барлау басқармасы бұл есептің өңделген нұсқасын ашық дереккөздерге жариялаған болатын. Жаңа нұсқада Сарышағандағы белгісіз әуе құбылысына қатысты көбірек мәлімет сақталған.
Материал авторы