631

Ақтауда сапборд тепкен екі адамды Каспий ағысы алып кетті

Екі тұрғын теңізге шыққаннан кейін қатты ағыс оларды жағадан алшақтатып жіберген.

Ақтауда сапборд тепкен екі адамды Каспий ағысы алып кетті
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда Каспий теңізінде сапбордпен серуендеп жүрген екі ер адамды қатты ағыс жағалаудан алыстатып әкеткен. Құтқарушылар оларды дер кезінде байқап, жағаға аман жеткізді.

Оқиға Ақтау қаласындағы 4А шағын аудан маңында болған. Ер адамдар сапбордпен теңізге шыққанымен, судағы қатты ағыс олардың бағытын өзгертіп, ашық теңізге қарай алып кеткен.

Оқиға кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі жедел-құтқару жасағының қызметкерлері суда қауіпсіздік бойынша алдын алу шараларын жүргізіп жүрген. Сол сәтте олар жағадан шамамен 500 метр қашықтықта көмек сұрап тұрған адамдарды байқаған.

Құтқарушылардың мәліметінше, екі ер адам да құтқару кеудешесін киген. Бұл жағдайдың ауыр салдарға ұласуына жол бермеген.

Арнайы қайықпен келген мамандар азаматтарды жағаға жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ өкілдері судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын еске салып, әсіресе ашық су айдындарында ауа райы мен ағыс жағдайын алдын ала ескеруге шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор