511

Балқашта коттеджі мен көлігі бар зейнеткер қызынан алимент сұрады

Әйел жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын айтып, әкесінің талабымен келіспеген.

Балқашта коттеджі мен көлігі бар зейнеткер қызынан алимент сұрады
Motortion/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Балқаш қаласында зейнеткер әкесінің күтіміне қаржылай көмек көрсетуін талап етіп, сотқа қызына қарсы талап арыз берген. Алайда сот оның материалдық жағдайын ескеріп, талабын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Telegram желісіндегі Қарағанды облыстық сотының ресми парақшасы жазды.

Зейнеткер соттан қызынан ай сайын 10 АЕК көлемінде алимент өндіруді сұраған. Оның айтуынша, күнделікті қажеттіліктері мен дәрі-дәрмекке ақша керек болған, ал қызы оған тұрақты түрде қаржылай көмек көрсетпеген.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-анасын асырауға міндетті.

Алайда сот істі қарау барысында зейнеткердің жағдайы талапта көрсетілгендей қиын емес екенін анықтаған. Ер адамның ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатыны, сонымен қатар екі қабатты тұрғын үйі және Mitsubishi Montero Sport көлігі бары белгілі болған.

Ал оның қызы сотта талаппен келіспейтінін айтқан. Әйел жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, балалардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге табыс табатынын түсіндірген.

Қызының айтуынша, әкесі шын мәнінде қаржылай көмекке мұқтаж емес. Себебі оның жеке баспанасы, көлігі және тұрақты зейнетақысы бар. Сонымен қатар дәрігерлер оған тек дәрумендер қабылдауды ұсынған.

Сот зейнеткердің көмекке мұқтаж тұлға екенін дәлелдейтін жеткілікті дерек ұсынбағанын атап өтті. Атап айтқанда, ол тұрақты емделуге көп қаражат қажет екенін, үздіксіз күтімге мұқтаж екенін немесе қолындағы қаражат негізгі қажеттіліктерін өтеуге жетпейтінін растай алмаған.

Сондай-ақ сот отырысында талап қоюшыға ұлы тарапынан материалдық көмек көрсетілетіні анықталған.

Сот тараптардың жағдайын салыстыра отырып, зейнеткердің табысы ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және әкесі мен қызы арасында бұрыннан келіспеушіліктер болғанын ескерген. Осы жағдайлар талап арыз беруге әсер еткен болуы мүмкін деген қорытынды жасалған.

Нәтижесінде Балқаш қалалық соты талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деп шешті. Шешімге шағым түспей, заңды күшіне енді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор