508

«Заңсыз қазба жұмыстары»: «Семей орманына» 228 млн теңге шығын келген

Абай облысында қорғалатын орман аумағын бүлдіргендер тергеліп жатыр.

«Заңсыз қазба жұмыстары»: «Семей орманына» 228 млн теңге шығын келген
Depositphotos

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз пайдалы қазбалар өндіру фактісі анықталды. Құқық бұзушылар орман қорына тиесілі жерлерге зиян келтіріп, топырақтың құнарлы қабатын және жасыл желекті жойған. Бұл туралы өңір прокуратурасы жазды.

Абай облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы заңсыз әрекет анықталған.

Заңсыз қазба жұмыстары Тау-Дала филиалына қарасты Бөле-Бұқан орманшылығында жүргізілген. Аталған аумақ ерекше қорғалатын табиғи жерлер санатына жатады.

Тексеру нәтижесінде табиғи ресурстарға айтарлықтай зиян келгені белгілі болды. Заңсыз жұмыстар салдарынан топырақтың құнарлы қабаты бұзылып, ағаштар мен өзге де жасыл желек жойылған. Сондай-ақ орман қоры жерлерінің табиғи жағдайына нұқсан келген.

Орманшылық мамандарының есебінше, келтірілген шығын көлемі 228 миллион теңгеден асқан.

Осы дерек бойынша табиғатты қорғау прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 334-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Аталған бап жер қойнауын өз бетінше пайдалануға қатысты.

Қазір заңсыз әрекетке қатысы бар тұлғаларды анықтау және келтірілген залалды бағалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор