589

Украина Ресейдің соққысынан кейін ЮНЕСКО-ға шағымданбақ

Украина билігі тарихи ғимараттарға жасалған шабуылды мәдени мұраға қарсы әрекет деп бағалады.

Украина Ресейдің соққысынан кейін ЮНЕСКО-ға шағымданбақ
br.az

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина билігі Ресей әскерінің Киевтегі Киево-Печер лаврасына жасаған соққысына байланысты ЮНЕСКО мен халықаралық ұйымдарға жүгінуге ниетті. Киев бұл шабуылды мәдени мұраға қарсы әрекет деп бағалады.

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сыбига Ресейдің 15 маусымға қараған түні Киево-Печер лаврасына жасаған соққысына қатаң реакция білдірді.

Министрдің айтуынша, әлемдегі маңызды христиандық қасиетті орындардың бірі саналатын лавраға шабуыл жасау мәдени мұраға жасалған ауыр соққы болды.

«Ресей бұл әрекеті арқылы тарихтағы ең үлкен варварлық істердің бірін жасады», – деп мәлімдеді Сыбига.

Ол Ресей әскерін террористермен салыстырып, Украина шабуылға байланысты ЮНЕСКО аясындағы барлық қажетті рәсімдерді бастайтынын айтты. Сондай-ақ Киев халықаралық құқық тетіктерін пайдаланып, жауап беруді талап етпек.

Украина премьер-министрі Юлия Свириденко да шабуылды елдің мәдени мұрасы мен халқына қарсы кезекті әрекет деп атады.

Оның мәліметінше, Ресей әскерінің шабуылы кезінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген Успен соборына зақым келген. Ғимаратта өрт шыққан.

Украина Православ шіркеуінің басшысы Епифанийдің айтуынша, соққыдан кейін лавра аумағындағы Успен соборының шатыры жанған. Дін қызметкерлері мен құтқарушылар құнды заттарды қауіпсіз жерге шығарып, тарихи жәдігерлерді сақтап қалған.

Довженко киностудиясы да зақымданды

15 маусымға қараған түні Киевтегі Александр Довженко атындағы киностудияға да соққы жасалғаны хабарланды.

Украина үкіметі өкілдерінің мәліметінше, шабуыл салдарынан ғимараттар бүлініп, елдегі ең ірі әрі көне костюмдер коллекциясы жойылған.

Украина тарапы Ресей тек азаматтық нысандарға ғана емес, елдің тарихи жады мен мәдени бірегейлігін сақтап тұрған нысандарға да шабуыл жасап отыр деп мәлімдеді.

Украинадағы шабуылдардан адам шығыны болды

Украина билігінің мәліметінше, 15 маусымға қараған түні болған шабуылдар салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тапқан. Олардың төртеуі Киевте, бесеуі Харьковта көз жұмған. Зардап шеккендер арасында балалар да бар.

Сондай-ақ азаматтық және энергетикалық инфрақұрылым нысандарына зақым келгені айтылды. Киевте 140 мың абонент электр қуатынсыз қалған.

Харьковта өртті сөндіру кезінде құтқарушыларға қайта соққы жасалып, бес маман қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланған.

Украина тарапының мәліметінше, Ресей шабуыл кезінде Украина аумағына ондаған баллистикалық зымыран мен жүздеген дрон жіберген.

Материал авторы