Әл-Фарабидегі трагедия: Zeekr жүргізушісі жалған нөмірге түсінік берді
Сот барысында айыпталушының бірнеше автокөлікке иелік ететіні белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына қатысты сот отырысында Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак жауап берді. Ол көлікке не себепті жалған мемлекеттік нөмір тағылғанын түсіндірді. Бұл туралы Zakon.kz басылымы жазды.
2026 жылғы 15 маусымда өткен сотта прокурор Әлібек Күмісбеков айыпталушыдан қайғылы оқиға болған күні Zeekr көлігіне неге басқа көліктің мемлекеттік нөмірі орнатылғанын сұрады.
Айыпталушының айтуынша, оның екі көлігі де өзіне тиесілі болған.
«Екі көлік те менікі. Бірі компания атына, екіншісі жеке атымда тіркелген. Zeekr көлігінің бір мемлекеттік нөмірін жоғалтып алдым, сондықтан оны басқа көліктің нөмірімен ауыстырдым. Мұнда ешқандай мақсат болған жоқ, ол нөмірге айыппұлдар да түсіп, бәрі төленіп отырды», — деді Александр Пак.
Сот барысында белгілі болғандай, бұған дейін алматылық азамат Range Rover және BMW көліктерін пайдаланған. Қазіргі уақытта оның атына Zeekr, Kia және Hyundai маркалы бірнеше автокөлік тіркелген.
Айыпталушы бұған дейін сотта жол апаты болған түні көлігінің істен шығып, қате сигнал бергенін де айтқан.
Материал авторы