Павлодарда есірткі саудасын ұйымдастырғандар 7 жылға сотталды
Қылмыстық топтан 321 келі есірткі қоспасы бар көкнәр тәркіленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымына және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қатысты қылмыстық іс бойынша сот шешімі жарияланды. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген. Бұл туралы ведомство мәлімдеді.
Тергеу барысында З.Ф. Алекперов құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз сатуды ұйымдастырғаны анықталған.
Қылмыстық схемаға оның жақын туыстары да тартылған. Олардың арасында міндеттер бөлініп, біреулері тауарды жеткізуге, енді біреулері сақтауға, буып-түюге және өткізуге жауап берген.
Заңсыз өнім басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Күдіктілер көкнәр тұқымдары мен түрлі дәмдеуіштер ретінде көрсетіп, тауарды сатуды жүзеге асырған.
Тінту кезінде құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарының дайындалған ірі партиялары тәркіленді. Қылмыстық әрекеттен түскен қаражат қолма-қол ақша арқылы да, банк аударымдары арқылы да қабылданған.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында басқа адамдардың атына рәсімдеген.
Сот үкімімен З.Ф. Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар екі көлік мемлекет меншігіне тәркіленді. Құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Материал авторы