Сақ болыңыздар! Алаяқтар қазақша еркін сөйлей бастады
Таза қазақша сөйлейтін алаяқтар қарттарды алдауға кірісті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының полициясы интернет алаяқтарының жаңа әдіске көшкенін мәлімдеді. Енді қылмыскерлер қазақ тілінде еркін сөйлеп, азаматтардың сеніміне кіруге тырысып жатыр.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары кезекті интернет алаяқтық әрекеттің алдын алған. Бұл жолы Қарасай ауданындағы бірнеше зейнеткер қылмыскерлердің құрбаны бола жаздаған.
Полиция мәліметінше, егде жастағы азаматтар кең таралған алаяқтық схемалар туралы хабардар болғанымен, күдіктілер олардың сеніміне кіре алған. Себебі алаяқтар қазақ тілінде еркін сөйлеп, ешқандай акцентсіз түрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырған.
«Алаяқтардың жаңа деңгейге өткенін атап өткен жөн. Олар азаматтармен қазақ тілінде сөйлесіп, әңгіме барысында күмән тудырмайтындай әрекет еткен», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етіп, азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына жол бермеген. Полиция жариялаған бейнематериалда алаяқтардың адамдарды адастыру үшін қолданатын түрлі тәсілдері көрсетілген.
Мұндай түсіндіру жұмыстары тұрғындарды сақтандыру мақсатында жүргізіледі. Мамандар бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді, SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін бермеуге шақырады.
Алматы облысы полициясының мәліметінше, жыл басынан бері киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері алаяқтықтың 30 фактісінің алдын алған. Нәтижесінде азаматтардың қаражаты сақталған.
Құқық қорғау органдары күмәнді қоңыраулар болған жағдайда бірден полицияға хабарласуға кеңес берді.
Материал авторы