«Басына пакет кигізіп кеткен»: Айсәуле Қанаха ісі бойынша дропперлер анықталды
Марқұмның әкесі істің қоғам назарының арқасында қозғалғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жұмбақ жағдайда қаза тапқан Айсәуле Қанаха ісі бойынша тергеу жаңа кезеңге өтті. Құқық қорғау органдары ақша аударымдарына қатысы бар делінген дропперлерді анықтап, олардан жауап алды. Бұл туралы «NewTimes.kz» басылымы жазды.
Марқұмның әкесі Саябек Қанаха істің ілгері жылжығанын растады. Оның айтуынша, тергеудің қайта жандануы қоғамдағы резонанс пен депутат Абзал Құспанның араласуының нәтижесінде мүмкін болған.
«Жұмыс басталды. Бұл қоғамның қолдауы мен жариялылықтың арқасында мүмкін болды. Нағыз кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады деп үміттенемін», – деді ол.
Тергеу мәліметінше, Айсәуле Қанаханың кибералаяқтармен байланысқан ақша аударымдарына қатысы бар тұлғалар анықталған. Қазіргі уақытта киберқылмыс және өзін-өзі өлтіруге жеткізу баптары бойынша қозғалған істер бір өндіріске біріктірілген.
Сонымен қатар іс Астана қаласының Есіл аудандық полиция бөлімінен қалалық полиция департаментіне берілген. Құқық қорғаушылар банкоматтар арқылы жасалған қаражат қозғалысын тексеріп, өзге де тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
2026 жылдың 1 сәуірінде Астанада жас, талантты студент қыздың денесі Есіл өзенінің жағасынан табылған. Оның басында пакет әлсіз байланған күйде болған. Алғашқы кезеңде полиция бұл оқиғаны суицид ретінде қарастырғанымен, отбасы бұл нұсқамен келіспеген.
Жақындары қыздың өлімі кибералаяқтардың қысымымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Олар оның телефон жазбаларынан дәлелдер тапқанын айтады.
Қыздың өліміне дейін ол телефон арқылы «Калашников Д. Н.» деген атпен сақталған адаммен хат алмасқан. Әкесі бұл тұлғаның өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, қызды «дроппер» ретінде жауапқа тартылуы мүмкін деп қорқытқанын айтады. Сонымен қатар оған ата-анасына айтпау туралы қысым жасалған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Айсәуле қайтыс болар алдында ақша аударымдарын жасаған және күдікті тұлғамен түнгі сағаттарға дейін байланыста болған.
Материал авторы