648

«Өзімді қорғадым» деген Сәрсемәлиев сотта өз нұсқасын баяндады

Айыпталушы сотта ұзақ жыл жиналған реніштің қылмысқа қалай әкелгенін ашық баяндады.

«Өзімді қорғадым» деген Сәрсемәлиев сотта өз нұсқасын баяндады
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин отбасы ісі бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев алғаш рет толық айғақ берді. Ол бұрынғы жұбайының отбасымен арадағы ұзаққа созылған жанжал мен жиналған өкпе-реніштің қылмысқа әкелгенін мәлімдеді. Бұл туралы «АқЖайық» басылымы жазды

Сот отырысында айыпталушы жәбірленуші тарап пен прокурордың сұрақтарына жауап беруден бас тартқанымен, судья мен өзінің адвокатына жауап беруге келіскен.

Сәрсемәлиевтің айтуынша, жанұядағы шиеленіс енесі Нәсіп Өтешғалиеваның араласуынан кейін күшейген. Ол бірнеше жыл бойы қысым көргенін айтып, 2016–2021 жылдары Акбаянмен бірге тұрғанын, ал 2022 жылы төрт баласы бола тұра ажырасуға мәжбүр болғанын жеткізді. Айтуынша, ажырасқаннан кейін де олар байланысын үзбеген.

Айыпталушы бұрынғы жұбайының туыстарын балалар жәрдемақысына байланысты жеке мүдде көздеді деп айыптады. Судьяның нақтылау сұрағына жауап беріп, ол осыны меңзегенін растады.

Сонымен қатар ол 2024 жылғы оқиғаны да баяндады. Оның сөзінше, жүкті болған Акбаян өкпесінің қабынуымен ауруханаға түскен кезде дәрігерлер онымен күйеуі ретінде байланысқан. Алайда оны көруге қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиев рұқсат бермегенін айтты. Осы сәттен бастап бойында ашу мен ыза жинала бастағанын жеткізді.

Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты эпизодта айыпталушы өзін-өзі қорғау нұсқасын қайталады. Оның айтуынша, жанжал төбелеске ұласып, сол кезде Наурыз оны тұншықтырған. Сол себепті қолындағы пышақты қолдануға мәжбүр болғанын айтты.

«Ол мені қысып, демалуға мүмкіндік бермеді. Сол сәтте тек аман қалу туралы ойладым», – деді Сәрсемәлиев.

Судья оның «өлтіру ниеті болмаса, неге пышақ қолданды» деген сұрағына жауап ретінде айыпталушы қорқыныш үстінде әрекет еткенін қайталады.

Сонымен бірге ол қайтыс болған Наурыздың атына несие рәсімдеп, оның телефонынан ата-анасына хат жолдағанын да мойындады.

Бұрынғы қайын атасы мен енесінің өліміне қатысты эпизодта ол ашық түрде қасақана кісі өлтіру ниетімен барғанын мәлімдеді.

«Шамасы, есімнен адастым. Ол ашу мен шарасыздықтан болды. Мен түрмеге түсетінімді түсіндім», – деді ол.

Айыпталушы балаларымен байланысын жоғалтып алудан қорыққанын айтып, сол жағдай психологиялық қысымды күшейткенін жеткізді.

Сәрсемәлиев сондай-ақ қайын жұртының балаларға дұрыс қарамағанын, ал енесінің дүниеге келмеген балаға қатысты ауыр сөздер айтқанын алға тартты.

Ол бастапқыда қарусыз барғанын, кейін пышақ тапқанын, әрі әрекетін алдын ала жоспарлағанын да жасырмады. Сонымен қатар елден тыс жерге қашқаннан кейін ұсталғанын және қарсылық көрсетпегенін айтты.

Сөзін қорытындылай келе айыпталушы:

«Мен өмірімнің аяқталғанын түсінемін», – деді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор