Қазақстан пойыздарында спутниктік интернет жаздың соңына дейін толық іске қосылады

Спутниктік байланыс технологиялары бірнеше бағытта сәтті сынақтан өткен.

Қазақстан пойыздарында спутниктік интернет жаздың соңына дейін толық іске қосылады
ЖИ / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен кеңейтпек. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «ҚТЖ» АҚ стратегия және цифрландыру жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жолаушылар тарапынан интернетке сұраныс жыл сайын артып отыр, ал қазіргі жағдайда байланыссыз тасымалды елестету қиын.

Ахметжановтың сөзінше, өткен жылы компания төмен орбиталы спутниктік жүйелерді пайдаланып екі ірі сынақ жобасын өткізген. Тестілеу барысында OneWeb және Starlink технологиялары қолданылған. Пилоттық жобалар Астана – Маңғыстау және Астана – Шымкент бағыттарында жүргізіліп, жүйенің пойыз ішінде интернет қызметін көрсетуге техникалық тұрғыдан қабілетті екенін көрсеткен.

Осы нәтижелерден кейін ҚТЖ жолаушылар пойыздарын интернетпен толық қамту бойынша ауқымды жұмысқа кіріскен. Бұл тек ұлттық тасымалдаушының жолаушылар құрамына қатысты екені нақты айтылды.

Сурет: ЖИ / SMARTNEWS.KZ 

Қазіргі уақытта «Нұрлы Жол» – Семей бағыты интернетпен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар келесі бағыттарда терминалдарды орнату жұмыстары жүріп жатыр: Алматы – Павлодар (31/32 пойыз), Павлодар – Түркістан (45/46 пойыз), «Нұрлы Жол» – Атырау (47/48 пойыз) және басқа да бірқатар бағыттар.

Ведомство ең алдымен жолаушылар саны көп пойыздарға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Мақсат – ең көп пайдаланылатын бағыттарда интернет сапасын тәжірибе жүзінде тексеріп, қызметті жаппай енгізу.

Жоспарға сәйкес, жаз соңына дейін негізгі бағыттардың барлығын спутниктік интернетпен қамту көзделіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Stadler компаниясының вагон жеткізуіндегі кешігулерге жол бермеуді тапсырған болатын. 

Материал авторы