Жаңаөзенде бүтін бір үйдің 7 адамы қаза тапты деген ақпаратқа полиция түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде тараған хабар тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Жаңаөзен қаласындағы үйлердің бірінде бүтін бір отбасы өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Хабарламада жеті адамның қаза болғаны айтылған. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды. Бұл туралы «Lada.kz» басылымы жазды.
Таратылған ақпаратта қайғылы оқиға Жаңаөзеннің 5-шағын ауданындағы үйлердің бірінде болғаны жазылған.
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл деректің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралып жатыр. Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге және оларды әрі қарай таратпауға шақырады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары интернетте тараған кез келген ақпараттың нақты дерекке негізделмеуі мүмкін екенін еске салды. Тұрғындарға мұндай жазбаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көздеріне сүйену ұсынылды.
Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар ведомство тұрғындарды дүрбелеңге салынбай, расталмаған хабарламаларға ермеуге шақырды.
Қазіргі уақытта полицияның аталған үйге не себепті барғаны және оқиғаның нақты мән-жайы туралы қосымша ақпарат берілген жоқ.
Материал авторы