Бүгін өңірлерде аптап ыстық, жаңбыр және жел күтіледі
Қазақстанда бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар облысында 17 маусымға байланысты дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер кей өңірлерде қатты ыстық, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел болатынын ескертті. Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.
Алматы облысында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың кей жерлерінде жаңбыр, найзағай күтіледі. Таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталады. Алматы қаласында күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай болжанып, ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді.
Жетісу облысында да ыстық ауа райы сақталады. Кей аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіліп, Алакөл маңында жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Ұлытау және Қарағанды облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Кей аудандарда желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Жекелеген аумақтарда ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Батыс Қазақстан облысында да тұрақсыз ауа райы күтіледі. Облыстың кей бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Орал қаласында жел күшейіп, найзағайлы жаңбыр болуы мүмкін.
Маңғыстау облысында кей жерлерде жаңбыр мен найзағай, солтүстік-шығыс бөліктерінде шаңды дауыл күтіледі. Ақтау қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында да ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Бұл өңірлерде қатты ыстық, жел күшеюі және өрт қаупінің артуы болжануда.
Астанада 17 маусымда күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауды, аптап ыстық кезінде ұзақ уақыт күн астында жүрмеуді және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзбауды ескертті.
Материал авторы