808

Белгілі айтыскер Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы жол апатынан қаза тапты

Қызының соңғы қоңырауына бара жатқан Салтанат Өтелбаева жол апатынан көз жұмды.

Белгілі айтыскер Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы жол апатынан қаза тапты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана – Қостанай тасжолында болған ауыр жол апатынан белгілі қазақстандық айтыскер, мәдениет саласының маманы Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов қаза тапты.

Қайғылы жағдай туралы марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов хабарлады. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты Астанадан таңғы сағат төрт шамасында шығып, қыздары Алтынайдың мектеп бітіру кешіне бара жатқан. Дәл осы күні қызыл аттестат алатын қызының қуанышына ортақтасуды жоспарлаған.

Оқиға туралы туыстарына таңертең қаза болғандардың ұлы Нұрсұлтан хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты Атбасар мен Есіл қалалары арасындағы тасжол учаскесінде болған.

Салтанат Өтелбаева Қазақстанның мәдени ортасында кеңінен танылған тұлға еді. Ол тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі атанып, Ыбырай Алтынсарин атындағы музей директорының орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ ол айтыс өнерінің көрнекті өкілі ретінде белгілі болды. Салтанат Өтелбаева республикалық және өңірлік айтыстарға қатысып, түрлі шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Ол қазақ айтысының дамуына өзіндік үлесін қосты.

Әріптестері мен жақындары оны ақжарқын, парасатты әрі мәдениетті адам ретінде еске алады.

Қазіргі уақытта полиция жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор