438

Қарағандыда екі ер адам көшеде төбелесіп, полицияға қарсылық көрсетті

Полицияға қарсылық көрсеткен ер адамдарға бірнеше бап бойынша іс қозғалды.

Қарағандыда екі ер адам көшеде төбелесіп, полицияға қарсылық көрсетті
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласында екі ер адам көшеде жанжалдасып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Оқиға таңғы уақытта болған.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрларда ер адамдардың төбелесіп жатқаны, кейін тәртіп сақшыларының оларды ажыратып, ұстап жатқанын көруге болады. Оқиға куәгерлері де сол сәтте маңайда болған.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, 14 маусым күні сағат 04:28 шамасында Гоголь көшесінде екі азамат арасындағы жанжал туралы хабар түскен.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан екі ер адамның жеке басын анықтаған. Олар 19 және 27 жастағы азаматтар болып шыққан. Полиция мәліметіне сәйкес, екі адам да мас күйде болған.

«Азаматтарды полиция бөліміне жеткізу кезінде олар қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетті», – деп хабарлады ведомство.

Оқиға бойынша құқық бұзушыларға қоғамдық орында мас күйінде болғаны, тыныштықты бұзғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Жиналған материалдар сотқа жолданып, құқықтық баға беріледі.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор