Төрт қалада қолайсыз ауа райы күтіледі
Бүгін ауадағы зиянды заттар көбейуі мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 18 маусымда Қазақстанның төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Мамандар тұрғындарға ауа райы ерекшеліктерін ескеріп, сырттағы уақытын жоспарлауға кеңес берді.
Синоптиктердің болжамынша, 18 маусымда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Ақтөбе мен Алматы қалаларында, ал түнгі уақытта Қостанай мен Жезқазғанда байқалады.
ҚМЖ дегеніміз — желдің баяулауы, тұман, жауын-шашынсыз ауа райы және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді атмосфералық факторлардың үйлесуі. Мұндай кезде ауадағы зиянды заттар жерге жақын қабатта жиналып, атмосфера сапасының төмендеуіне әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, ауадағы ластану деңгейіне синоптикалық жағдай тікелей ықпал етеді. Желдің жылдамдығы, ылғалдылық, жауын-шашын және температура өзгерісі атмосферадағы зиянды бөлшектердің таралуына әсер етеді.
Осындай кезеңдерде кейбір адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде мамандар:
– автожолдар мен ластану көздеріне жақын аумақта ұзақ уақыт жүрмеуге;
– балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерді шектеуге;
– тыныс алу жолдары, жүрек-қан тамырлары аурулары және аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруге;
– ашық ауадағы физикалық белсенділікті азайтып, спортпен жабық орындарда айналысуға кеңес береді.
Материал авторы