Семейде екі бала жоғалып кетті: полиция тұрғындардан көмек сұрады
14 және 8 жастағы балалардың жоғалуына байланысты іздеу операциясы басталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде 17 маусым кешке жоғалып кеткен екі баланы іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Абай облысының полициясы тұрғындардан балалардың жүрген жері туралы кез келген ақпарат болса, хабарлауды сұрады.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 17 маусым күні сағат шамамен 20:00 кезінде 14 жастағы Рақымжан Үкіртaев пен 8 жастағы Алихан Қайратов Семей қаласындағы Шығыс кенті маңында болған. Осыдан кейін балалармен байланыс үзілген. Қазіргі уақытта олардың нақты орналасқан жері анықталмаған.
Құқық қорғау органдары жоғалған балаларды іздеуге дереу кіріскен.
«Полиция қызметкерлері жедел іздеу шараларын ұйымдастырды. Жеке құрам бағытталды, балалар болуы мүмкін орындар тексеріліп жатыр. Аула аралау жұмыстары жүргізіліп, жақын аумақтар қаралуда», – деп хабарлады ведомство.
Полиция Семей тұрғындарына іздеу жұмыстарына көмектесуге шақырды.
Балалардың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін немесе олардың табылуына көмектесетін дерекке ие азаматтар 102 нөміріне немесе 8-747-310-67-30 телефонына хабарласуы керек.
Материал авторы