Қазақстан азаматы Ресейге дрон бөлшектерін жеткізіп келген
Бірнеше ай ішінде жеткізілген тауар көлемі ондаған мың дронға жететін деңгейде болғаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық кәсіпкер Ермек Сүйіндіков 2025 жылы Ресейге дрондарға қолданылатын оптикалық талшық пен арнайы жабдықтарды ірі көлемде импорттаған. Бұл туралы The Insider басылымы жазды.
Басылым дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейге шамамен 9 млн доллар көлемінде оптикалық талшық жеткізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Импорттың 80 пайыздан астамы екі алушыға тиесілі болған. Соның бірі — Қазақстан мен Ресей азаматтығы бар деген болжам айтылған Ермек Сүйіндіков. Ол қаңтар-наурыз айларында Ресейге 120 тонна оптикалық талшық әкелген. Мұндай көлем бірнеше ондаған мың дронды байланыспен қамтамасыз етуге жетуі мүмкін.

Сонымен қатар Сүйіндіков Ресейге 140 мың литий-ионды аккумулятор, 50 мың электр қозғалтқышы, оптикалық байланыс құрылғылары, электронды тақшалар, объективтер және басқа да бөлшектер жеткізген.
The Insider мәліметінше, кәсіпкер Ресейде дрондарға арналған оптикалық талшықты катушкаға орайтын құрылғыларды, аккумуляторларды және өзге де жабдықтарды сертификаттаған. Алайда Сүйіндіков басылым сұрақтарына жауап бермеген.
Материалда Ресейдегі «Инкаб» компаниясы да аталады. Компания азаматтық мақсаттағы оптикалық кабельдер шығаратыны көрсетілгенімен, журналистер оның дрондарға арналған дайын катушкаларды сата алатынын анықтаған.
Бұған дейін The Insider қытайлық компаниялардың Ресейдің әскери дрон өндірісіне қажет бөлшектерді жеткізу жолдарын жалғастырып отырғанын жазған.
Материал авторы