Тоқаев: Жасанды интеллект дәрігерлерге көмек көрсетіп отыр
Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерді жоғары бағалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бүгін Ақордада медицина қызметкерлері күніне орай арнайы салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы цифрлық өзгерістерге тоқталды.
Президент өз сөзінде Қазақстанның барлық салаға, соның ішінде медицинаға да озық технологияларды белсенді енгізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам – уақыт талабы және саланың дамуына жаңа серпін беріп отыр.
Мемлекет басшысы цифрлық шешімдердің нақты нәтижелеріне де тоқталды. Оның дерегінше, жаңа технологиялар арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарған. Сонымен қатар қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші 30 пайызға артқан.
«Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдер қабылдауда нақты көмек көрсетіп отыр. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы әкімшілік жүктеменің де айтарлықтай азайғанын айтты. Оның мәліметінше, бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендеген.
«Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Материал авторы