АҚШ-тың алпауыт компаниясы Қазақстанға инвестиция салмақ
Ақордада америкалық инвестормен маңызды келіссөз өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Америкалық Air Products компаниясы Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Компания газ өңдеу, газ химиясы және көмірді терең өңдеу бағытындағы жобаларға қызығушылық білдірген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Air Products компаниясының бас атқарушы директоры Эдуардо Менезесті қабылдады.
Кездесу барысында табиғи газды өңдеу және өнеркәсіптік газдар өндіру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Президент АҚШ Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін айтты.
Өз кезегінде Air Products басшысы компанияның Қазақстан экономикасына инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, кәсіпорын газ өңдеу, газ химиясы және көмірді терең қайта өңдеу салаларындағы жобаларға қызығушылық танытып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан тарапы қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Air Products – АҚШ-тағы ірі компаниялардың бірі. Ол табиғи газды өңдеу және азот, сутегі, оттегі сияқты өнеркәсіптік газдар өндіру саласында әлемдік көшбасшылардың қатарында.
Материал авторы