830

Ақмолада балалардың құпия мәліметін жариялаған шенеуніктер жазаланды

165 баланың жеке дерегі интернетке тарап кеткен.

Ақмолада балалардың құпия мәліметін жариялаған шенеуніктер жазаланды
ЖИ / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Степногорск қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың жеке мәліметтері заңсыз жарияланған жағдайларды анықтады. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы жазды.

Ведомство мәліметінше, кейбір мектептер мен білім бөлімінің интернет-ресурстарында 165 баланың жеке деректері бар құжаттар ашық жарияланған.

Құжаттарда балалардың аты-жөні, білім алатын орны және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат болған. Жарияланған мәліметтердің ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қамқорлықтағы балаларға қатысты деректер де кездескен.

Прокуратура бұл ақпараттардың еркін қолжетімді болуы балалардың жеке мәліметтерінің әрі қарай таралу қаупін арттырғанын атап өтті.

«Қадағалау актісі негізінде заң бұзушылықтар жойылды. Кәмелетке толмағандардың жеке деректері ашық қолжетімділіктен алынып тасталды. Ал кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасы.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор