635

Аптап ыстық пен бұршақ қатар келеді: синоптиктер ескерту жасады

19 маусымда елдің бір бөлігінде ауа райы күрт өзгереді.

Аптап ыстық пен бұршақ қатар келеді: синоптиктер ескерту жасады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 19 маусымда Қазақстанның бірнеше облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Мамандар кей өңірлерде найзағай, бұршақ, қатты жел мен 40 градусқа жуық ыстық болатынын ескертті.

Синоптиктердің мәліметінше, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары және басқа да аймақтарда жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі.

Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай болжанып, Орал қаласында да бұршақ жаууы мүмкін. Атырау облысында күндіз ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріледі, жоғары өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысында ауа температурасы 38–41 градусқа дейін жетеді. Ақтау қаласында да өрт қаупі жоғары деңгейде болады.

Қызылорда облысында күн қатты ысып, кей жерлерде ауа температурасы 42 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар жаңбыр, найзағай және дауыл күтіледі.

Астана қаласында 19 маусымда жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ болуы ықтимал. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35 градус болады.

Алматы қаласында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанады. Жетісу, Алматы және Ақмола облыстарында да жел күшейіп, кей аумақта бұршақ жаууы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен жел күшеюі күтіледі. Кей жерлерде тұман болуы мүмкін.

Мамандар тұрғындарға ауа райы болжамын бақылап, қатты жел мен найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды, ал өрт қаупі жоғары аймақтарда от жағудан және табиғатта абайсыз әрекет етуден бас тартуды ескертеді.

Материал авторы