776

Ақтөбе облысында бір күнде үш адам суға батып көз жұмды

Өңірде суға кеткен үш ер адамның денесі табылды.

Ақтөбе облысында бір күнде үш адам суға батып көз жұмды
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында бір тәуліктің ішінде үш адам суға кетіп, қаза тапты. Қайғылы жағдайлар Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында тіркелді.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Қобда ауылынан төрт шақырым қашықтағы су басқан аумақта 1969 жылы туған ер адамның денесі табылған.

Ал Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылында Темір өзенінен 1995 жылы туған азаматтың мәйіті шығарылған. Мұғалжар ауданының Ембі қаласында Жем өзенінен 1984 жылы туған ер адамның денесі табылды.

Үш жағдайда да қаза болған адамдарды судан оқиға куәгерлері алып шыққан.

«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдардың өлімі нақты анықталмаған жағдайда болған. Олардың бірінің ішімдік ішкені белгілі болды. Оқиға орындарында жедел тергеу топтары жұмыс істеді. Әр жағдай бойынша мән-жайды анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД.

Қазір аталған фактілер бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін шомылу маусымы кезінде Қарағанды қаласында да қайғылы оқиға болған. «Көк тоғандар №2» су айдынында рұқсат етілмеген жерде шомылған 2010 жылы туған жасөспірім суға батып кеткен.

Мамандар тұрғындарға жабдықталмаған су айдындарында шомылмауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

Материал авторы