688

Жанабыловтардың тәркіленген көліктері сатылымға шығарылды

Блогерлерден алынған сегіз Hyundai Elantra мемлекет мүлкі ретінде қойылды.

Жанабыловтардың тәркіленген көліктері сатылымға шығарылды
instagram.com/zhanabylov_e

Сот шешімімен тәркіленген блогерлер Жанабыловтардың автокөліктері мемлекеттік мүлік тізілімі арқылы сатылымға қойылды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Мемлекеттік мүлік тізілімінің E-Qazyna платформасында тәркіленген сегіз Hyundai Elantra автокөлігін сату туралы хабарландыру жарияланған.

Барлық көлік 2025 жылы шығарылған. Дәл осы машиналар сот шешімімен Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген.

Хабарландыру мәліметіне сәйкес, көліктердің барлығы Эльмира Төлегенова басқаратын Zhana Business компаниясының атына тіркелген.

Тәркіленген автокөліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.

Көліктердің бастапқы сауда бағасы көрсетілмегенімен, әрқайсысының бағалау құны 8 миллион 395 мың теңге деп белгіленген.

Саудаға қатысу мүмкіндігі де шектеулі. Хабарландыруда өтінім беруге тек құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президент әкімшілігі, мемлекеттік саяси қызметкерлер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар ғана құқылы екені жазылған. Жеке тұлғалар бұл саудаға қатыса алмайды.

Әр көлік жиынтығына екі кілт пен техникалық паспорт кіретіні көрсетілген. Сонымен қатар көліктерде қосалқы доңғалақ пен стандартты құралдар жинағы жоқ екені жазылған. Автокөліктердің техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін емес.

Сондай-ақ көліктерге тыйым салынғаны туралы ақпарат берілген.

Еске салайық, сәуір айының соңында Астана соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім шығарған.

Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылған.

Сот шешімімен Эльмира Төлегеноваға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкі тәркіленген. Алайда жазаны орындау екі жылға кейінге шегерілген. Ал Ерболат Жанабылов екі жылға шартты түрде сотталған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор