Шерзат Болат оқиғасынан кейін қызметінен кеткен полицей қайта жоғары лауазымға тағайындалды
Шерзат Болаттың қазасынан кейін қызметінен босатылған Серік Шалхаров енді Актөбе облысы полициясының бірінші орынбасары болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы полиция департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Серік Шалхаров жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарады.
Бұл туралы ақпарат алғашында Telegram-арна ProKadryKZ арқылы тараған. Кейін дерек Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі тарапынан ресми түрде расталды. Бұл туралы аталған басылым жазды.
Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында ішкі істер министрлігі Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың қазасынан кейін бірқатар басшылық қызметтерді босатқан болатын. Сол шешім аясында Серік Шалхаров та қызметінен алынған еді.
Сол кезеңде тек ол ғана емес, Талғар аудандық полиция басшысы Нұржан Күнтунов, облыстық департаменттің бірнеше басқарма басшылары, сондай-ақ прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардағы бірқатар шенеуніктер де қызметінен шеттетілген.
Олардың қатарында облыс прокурорының орынбасары, Талғар ауданының прокуроры, Талғар қаласының әкімі және оның орынбасары да бар.
Араға екі жылға жуық уақыт салып, Серік Шалхаров қайтадан ішкі істер жүйесінде басшылық қызметке оралып, Ақтөбе облысында жаңа лауазымға ие болды.
Материал авторы