Мессидің әкесінің қазасын хабарлаған жүргізуші жұмыстан кетті
Аргентиналық тележүргізуші кешірім сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аргентиналық тележүргізуші Лионель Мессидің әкесі қайтыс болды деген жалған ақпарат таратқаннан кейін қызметінен кетті.
Оқиға «El Show del Verano» бағдарламасының тікелей эфирінде болған. Жүргізуші Флоренсия Пенья Лионель Мессидің әкесі туралы расталмаған ақпарат айтып, футболшының отбасы арасында үлкен резонанс тудырған.
«Жағымсыз жаңалық айтқым келмейді, бірақ Мессидің әкесі қайтыс болды. Әлем чемпионатының қызған шағында ол өмірден өтуге мәжбүр болды», – деген Пенья эфир кезінде.
Алайда кейін бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталған.
Мессидің отбасы ресми мәлімдеме жасап, футболшының әкесі Хорхе Мессидің денсаулығында мәселе болғанымен, дәрігерлер бақылауында екенін хабарлады. Отбасы өкілдерінің айтуынша, оның жағдайы жақсарып келеді.
Жалған ақпарат тарағаннан кейін тележүргізуші көпшілік алдында кешірім сұрады.
«Месси отбасынан кешірім сұраймын. Қазір олардың басынан өтіп жатқан қиын сәтке себеп болғаныма ұяламын», – деді ол.
Пенья ақпаратты тікелей эфир кезінде түсірілім тобы жеткізгенін және сол мәліметке сеніп қалғанын айтты. Дегенмен ол болған жағдай үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізіп, Luzu TV арнасынан кету туралы шешім қабылдаған.
Арна басшылығы да оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, тексерілмеген ақпаратты эфирге шығаруға жол берілмейтінін атап өтті.
«Тікелей эфир кезінде құпия әрі расталмаған ақпаратты алдын ала тексерусіз жариялау – біз үшін қабылданбайтын жағдай», – делінген арна хабарламасында.
Luzu TV бұл жағдайға жауапты қызметкерлермен жұмысын тоқтататынын мәлімдеген.
Кейін Пенья соңғы рет студиядан кетер алдында тағы да түсініктеме беріп, эфир кезінде телефон қолданбағанын және жағдайды толық бақыламағанын айтты.
«Түсірілім тобы маған бұл болып жатқанын айтты. Мен оны қайталадым. Кейін ақпараттың әлі расталмағанын естідім. Бұл мен үшін өте ауыр жағдай болды», – деді жүргізуші.
Месси отбасы өз мәлімдемесінде денсаулық мәселесі жеке жағдай екенін айтып, қауесет пен расталмаған ақпараттың тарауына наразылық білдірді.
«Мұндай сәтте жауапкершілік, сабыр және адамгершілік қажет. Адам денсаулығы мен жақындарының тыныштығы БАҚ үшін алып-қашпа әңгіменің тақырыбына айналмауы керек», – деді отбасы өкілдері.
Ал Лионель Месси әкесінің жағдайына қарамастан әлем чемпионатындағы ойынын жалғастырып жатыр. Аргентина құрамасы Алжир командасын 3:0 есебімен жеңген матчта Месси хет-трик жасап, командасына жеңіс сыйлаған.
Осы кездесуде аргентиналық футболшы әлем чемпионаттары тарихындағы ерлер арасындағы ең көп гол соққан ойыншылар қатарына кіріп, Германия құрамасының бұрынғы ойыншысы Мирослав Клозедің рекордын қайталаған.
Материал авторы