Песков Еуроодақтың Ресеймен диалог орнату тәсілін «үлкен қате» деп атады
Кремль Еуропаның ұстанымын сынап, келіссөздерге қатысты пікір білдірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты Еуроодақпен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков Батыстың Мәскеумен диалог құру тәсіліне қатысты пікір білдірді.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропалық одақ өкілдерінің Ресеймен қарым-қатынасты күш көрсету позициясынан бастауға тырысуын қате деп атады.
Оның айтуынша, кейбір еуропалық саясаткерлер Ресеймен диалогты Мәскеудің әлсіздігі туралы түсінікке сүйеніп құруға тырысады.
«Бұл – ең үлкен қате. Оның себебі біліксіздіктен бе, ақпараттың дұрыс жетпеуінен бе немесе басқа жағдайдан ба – нақты айта алмаймыз. Бірақ бұл факт», – деді Песков.
Кремль өкілі сондай-ақ Ресей президенті бұған дейін де Украина мәселесі бойынша келіссөздер мен байланыстарға дайын екенін бірнеше рет айтқанын еске салды.
Песковтың мәлімдемесі Мәскеу мен Батыс арасындағы Украинадағы соғысқа қатысты ықтимал келіссөздер туралы пікірталастар қайта күшейген тұста жасалды.
Материал авторы