Түркия үшін әлем чемпионаты аяқталды: Парагвай 10 адаммен жеңіске жетті
Түркия екі ойында да жеңіліп, құрама әлем чемпионатынан шет қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Парагвай құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, Түркия құрамасын турнирден шығарып жіберді. Оңтүстік Америка командасы матчтың басында соққан жалғыз голының арқасында жеңіске жетті. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
D тобы аясындағы кездесу АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Левайс» стадионында өтті. Ойынның екінші минутында Парагвай жартылай қорғаушысы Матиас Галарса есеп ашты. Оған шабуылшы Хулио Энсисо нәтижелі пас берді.
Матчтың бірінші таймы аяқталуға жақын кезде Парагвай құрамасы қиын жағдайға тап болды. Команда көшбасшыларының бірі Мигель Альмирон төрешімен сөзге келгеннен кейін бірден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Алайда ойыншы аз қалғанына қарамастан, Парагвай құрамасы қорғаныста сауатты ойнап, есепті сақтап қалды.
Бұл жеңіс Парагвай үшін турнирдегі алғашқы үш ұпай болды. Команда алғашқы турда АҚШ құрамасына 1:4 есебімен жеңілген еді.
Ал Түркия үшін жағдай керісінше өрбіді. Ұлттық құрама екінші рет қатарынан жеңіліс тапты. Бұған дейін түріктер Австралияға 0:2 есебімен жол берген болатын.
Екі турдан кейін Парагвай плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал Түркия құрамасы жарысты жалғастыру құқығынан математикалық тұрғыда айырылды.
Осылайша Түркия ӘЧ-2026-да топтық кезеңнен өте алмайтыны белгілі болған екінші команда атанды.
Сонымен қатар Матиас Галарсаның екінші минуттағы голы қазіргі таңда 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ең жылдам голдардың бірі болып тіркелді.
Материал авторы