Ақтөбеде көлік өртеніп, екі бала тірідей жанып кетті
Газ құю бекеті маңындағы көліктен үш адамның денесі табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде автогаз құю станциясы аумағында көлік өртеніп, үш адам қаза тапты. Олардың арасында екі бала бар. Тағы бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.
Қайғылы оқиға 19 маусым күні кешке Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясы аумағында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктің ішінде төрт адам болған. Өрт туралы хабар төтенше жағдай қызметіне сағат 22:55-те түскен.
Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жетіп, жалынды сегіз минут ішінде сөндірген. Мамандар өрттің автогаз құю станциясының аумағына таралуына жол бермеген.
Алайда өрт толық сөндірілгеннен кейін көлік ішінен үш адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың екеуі — балалар.
Тағы бір адам аман қалғанымен, түрлі жарақат алған. Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен азамат — 54 жастағы ер адам.
Ол денесінің жоғарғы бөлігі күйіп, жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оның есін білетінін және қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Өртті сөндіру жұмыстарына Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің шамамен 50 қызметкері мен 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Қазір қайғылы оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Аталған факт бойынша тергеу басталды.
Материал авторы