«Маған орысша жауап беріңіз»: Алматыдағы супермаркеттегі жанжал үшін әйелге айыппұл салынды
Кассирмен сөзге келген алматылық әйел жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда супермаркетте болған жанжалға байланысты сот шешімі шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеоға себеп болған оқиғадан кейін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.
Оқиға қаладағы супермаркеттердің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода сатып алушы дүкен қызметкерінен тек орыс тілінде жауап беруді талап еткен.
Жазбада әйел касса маңындағы жағдайға наразылық білдіріп, әкімшіден түсініктеме сұрағаны көрінеді. Қызметкер оған қазақ тілінде жауап беріп, жақын арада тағы бір кассир келетінін айтқан.
Алайда мұндай жауап сатып алушыны қанағаттандырмаған.
Видеода әйел бірнеше рет: «Маған орысша жауап беріңіз. Мен сізге сұрақты орыс тілінде қойдым», — деп айтқан.
Жанжал туралы ақпарат әлеуметтік желіде тез таралып, қолданушылар арасында қызу талқылау туғызды. Көпшілік дүкен қызметкерін қолдап, сатып алушының әрекетін сынға алды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға қатысқан әйелдің жеке басы анықталған.
Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.
«Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен құқық бұзушы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындардағы агрессивті және әдепсіз әрекеттер, сондай-ақ қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін арандатушылық әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және интернетте заңға қайшы материалдарды таратпауға шақырды.
Материал авторы