1222

Ақтөбеде дауыл ойран салды: Үйлердің шатыры ұшып, тұрғындар жарықсыз қалды

Күшті желдің екпіні салдарынан Ақтөбеде бірнеше тұрғын үйдің шатыры зақымданып, электр желілерінде ақау пайда болды.

Ақтөбеде дауыл ойран салды: Үйлердің шатыры ұшып, тұрғындар жарықсыз қалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде қатты дауыл салдарынан бірнеше тұрғын үйдің шатыры бүлініп, ағаштар құлап, кейбір аудандарда электр қуаты үзілді. Қазір коммуналдық қызметтер қаладағы апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала аумағында жел бағыты өзгеріп, кейін қатты күшейген. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетіп, дауыл деңгейіне ұласқан.

Табиғи құбылыс салдарынан екі көпқабатты және бес жеке тұрғын үйдің шатыры зақымданған. Сонымен қатар бірнеше аумақта ағаштар құлап, аумақтарды тазарту жұмыстары басталды.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметінше, құлаған ағаштарды жинау үшін 10 мердігер ұйымның жұмыс бригадалары тартылған. Олар Астана ауданындағы тоғыз аумақта және Алматы ауданындағы жеті учаскеде жұмыс істеп жатыр.

Көпқабатты үйлердің аулаларындағы құлаған ағаштарды шығару жұмыстарын КСК мен ОСИ өкілдері ұйымдастыруда.

Дауылдан кейін электрмен жабдықтау жүйесінде де ақаулар тіркелді. Қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Энергосистема» компаниясы күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, жедел штаб құрды.

Қазір Ақтөбенің бес ауданында, сондай-ақ Қурайлы және Пригородный тұрғын алаптарында электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Ақауларды жою үшін 10 апаттық бригада мен арнайы техника жұмылдырылған. Қажет болған жағдайда қосымша күштер тартылатыны хабарланды.

Бұған дейін Ақтөбеде нөсер жауыннан кейін су сору жұмыстарына 100-ден астам ассенизаторлық көлік тәулік бойы кезекшілікке шығарылғаны хабарланған болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор